20 ақп, 2019 сағат 19:08

Байбек: Полицейдің жұмысы - ауыр, жалақысы - аз

Алматы әкімі халықпен есепті кездесуінде қалалық полицияның жұмысын да тілге тиек етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, полицияның материалдық-техникалық қамтылуына жергілікті бюджеттен 14 млрд теңге бағытталған.

«Қазіргі таңда қалалық полиция видеобақылау камераларымен, GPS навигаторлармен 87 пайыз қамтылған. Бұл жұмыстар қалада сыбайлас жемқорлық көрсеткішінің санын азайтуға септігін тигізеді. Қала басшылығы полицияның жұмыс сапасын көтеретініне сенім артып отыр. Кім осы үшін жұмыс істеп, күш салмаса, ол адаммен қош айтысамыз. Жүйені тазалаймыз. Былтырдың өзінде ІІД басшылығы 170 полиция қызметкерін жұмыстан қуған. Полиция қатарында жұмыс істейтіндер аз ғана жалақыға түнгі 12-ге дейін жүреді.  Олардың көпшілігі Алматы облысында «времянкаларда» тұрып жатыр. Таңғы 7-де жұмыста болуы керек. Бұл оңай жұмыс емес. Біз ойнап-күліп өмір сүріп жатырмыз. Біздің қауіпсіздігімізді біреу күзетіп жүр ғой», - деді Бауыржан Байбек.  

Әкім полицейлермен болған келеңсіз оқиғаларды ешкім ашық жариялағысы келмейтінін айтты.

«Қазір видеотіркегіштер, GPS навигаторлар бар. Көп адамдар құқықбұзушылыққа куә болса да, айтуға қорқады. Ал шағым айтуға келгенде бәрі мықты. Ондай нәрсеге куә болдыңыз ба, интернетке жариялап жіберіңіз, сөзге келместен шара қабылдаймыз. Параны беруге құштар адам көп. Егер полицейге ешкім пара ұсынбаса, ол алмас еді», - деді әкім.