20 ақп, 2019 сағат 12:39

Байбек Алматы ауасы туралы: Таза ауа қажет болса, ластамаңыздар!

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қала тұрғындарының лас ауа туралы сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаладағы автотұрақтарды азайта бастаған едік, басымыз дауға қалды. Біреулер машина бер дейді, біреулер көлікті кіргізбе дейді. Біреу тез жүргім келеді дейді, біреу таза ауа керек дейді. Мен қайдан алам таза ауаны? Өзің ауаны ластама. Мен де сол лас ауамен демалып жатырмын. Қазір жөтеліп отырмын, аллергиям бар. Балаларым үшін де, жақындарым үшін де алаңдаймын. Алматы тұрғыны ретінде алаңдаймын», - деді Бауыржан Байбек.

Қала әкімі Алматы ауасының ластануына 70 пайыз көліктердің бөлетін улы газы себеп болып отырғанын айтты. Сондықтан, 10 шараның 7-сі көлік санын азайтуға бағытталған.

«30 жолайрық салынды. Көліктер азайды ма? Керісінше, ыңғайлы жағдай жасаған сайын көлік саны көбейе түседі. Қаланың кедей тұрғындары көлікпен жүретін қала бақуатты емес, керісінше жағдайы жақсы адамдар автобуспен жүретін қала бақуатты. Біздің міндет - бәрін автобусқа отырғызу», - деді ол.