Павлодар облысындағы Баянауыл тау-шаңғы кешені 5 мың турист қабылдай алады. Бұл туралы өңір әкімі Болат Бақауов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Баянауылдағы спорттық туризмді дамыту үшін тау-шаңғы кешені жобасы қолға алынды. Мырзашоқы тауының етегіндегі 960 метрлік арқан жол осы қыста бес мыңға дейін турист қабылдай алады», - әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Әкім киелі орындар көп шоғырланған Баянауыл ауданында туризмді дамыту қажеттігін атап өтті.
«Жылдар бойы жергілікті тұрғындар мен тәу етушілер киелі орындарға – Мәшһүр Жүсіп кесенесіне жолдың жоқтығын айтып, шағымданатын. Биыл бюджет есебінен 90 шақырым жол толық жөндеуден өтті. Келесі жылы тағы бір туристік орын – Қоңыр әулие үңгіріне апаратын жол жөнделеді. Туристерге қолайлы болу үшін Баянауыл ауылына шағын авиация үшін ұшу-қону жолағы, тікұшақ алаңқайы бар аэродром салынды. Одан бөлек, Жасыбай көліне дейін электр беру желісі, су құбыры орнатылып жатыр», - деді Болат Бақауов.
Айта кетейік, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов елордада 2019 жылдың 10 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.