Ілияс Өсеров Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін бұл қызметті Әсел Жүнісова атқарып келген болатын. Әсел Жүнісова бала күтіміне байланысты, аутизмі бар баланы тәрбиелеп жатқандықтан, қызметінен кететінін мәлім етті. Ол енді әлеуметтік жобалармен айналысуды қолға алмақ.
Айта кетсек, Ілияс Өсеров Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің және Тұран-Астана университетінің түлегі.
2017 жылдың қыркүйегінен бастап Алматы қаласының Стратегия және бюджет басқармасының басшысы қызметін атқарды. Бұрындары Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары болған.
Еңбек жолын ДБАО «Сбербанктің» несие әкімшілігі бөлімінде бастаған. ҚР экономикалық даму және сауда министрлігінде, ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде түрлі лауазымдарда істеген. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы болған.
Жаңа қызметінде Ілияс Өсеров стратегия мен бюджет, мемлекеттік активтер, туристік қызмет, халықаралық ынтымақтастық пен цифрландыру мәселелеріне басшылық жасайды.