«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" партия баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймаққа сапары барысында Бауыржан Байбек партияның Түркістан облыстық және қалалық филиалының қызметкерлерімен, аумақтық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарларымен және өңірдегі бастауыш партия ұйымдарының өкілдерімен кездесті.
Арыс қаласында болған төтенше жағдайдан кейін Елбасы мен Мемлекет басшысы қалпына келтіру жұмыстары қатаң бақылауда болатынын айтып, партияға нақты тапсырмалар берген еді. Соған байланысты Бауыржан Байбек Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге қаланың Ахымбеков және Құдайбердіұлы көшелерінде жарылыстан зардап шеккен үйлердің орнына салынып жатқан көп пәтерлі нысандардың құрылысымен танысты.
Жергілікті тұрғындармен кездесуде партия Төрағасының бірінші орынбасары құрылыстың партиялық бақылауда екенін айтып, үйдің жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін жеткізді.
«Арыстықтарға қазақ халқының ел болып көмек қолын созуы - бірлігіміздің жарқын көрінісі. Қаланы қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғанша біз партиялық бақылауды жалғастырамыз. Бұл – Елбасы, партия төрағасы мен Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы», – деді Бауыржан Байбек.
Өз кезегінде Арыс тұрғындары қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқы мен мемлекетке және «Nur Otan» партиясына шексіз ризашылық білдірді.
Сондай-ақ партия төрағасының бірінші орынбасары А.Қожан көшесінде орналасқан Ибрагимовтер отбасының үйіне барды. Аталған үй апат салдарынан жарамсыз деп танылып, қайта салынған. Бауыржан Байбек шілде айының басында Арысқа жасаған сапарында да бұл үйдің жағдайымен танысып, партия тарапынан қолдау көрсетілетінін айтқан болатын.
Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 21 тамызда өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынып, бірқатар басымдықтарды анықтап берген болатын. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынып, жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе, халықты алаңдатқан әлеуметтік мәселелерді оң шешу, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың табысты әрі уақытылы орындалуын партиялық бақылауды қамтамасыз ету, қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру сияқты игі істерде партия өз белсенділігін күшейте түсті.
Бауыржан Байбек партияның Түркістан облыстық және қалалық филиалының қызметкерлерімен, аумақтық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарларымен кездесуде осы мәселелерге ерекше назар аударды.
Осы ретте айта кетер жайт, Түркістан облысы партиялық жаңғыру жұмыстарын алғашқылардың бірі болып қолға алып, нәтижелі жүзеге асыруда. Бүгінде облыс орталығында Open space форматында жұмыс істейтін қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Енді бұл жерде облыстық филиал төрағасынан бастап барлық мемлекеттік мекеменің өкілдері тұрақты қабылдаулар өткізіп тұрады.
Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында партия төрағасы баса көңіл бөлген бағыттардың тағы бірі бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру екені белгілі. Сондықтан партия Төрағасының бірінші орынбасары Түркістан облысына сапары кезінде «Локомотив» АҚ «Түркістан локомотив пайдалану депосы» базасындағы «Түркістан стансасы» бастауыш партия ұйымының белсенді мүшелерімен кездесті.
Кездесуде Елбасы мен Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға әр партиялықтың белсенді қатысуы керектігі және бастауыш ұйымдар партияның өзегі екені сөз болды.