07 там, 2018 сағат 11:22

Баум бағынан басып алынған жерлер қалаға қайтарылды

Алматыда Баум бағын автосалон иелері көлік тұрағын жасау үшін заңсыз иемденіп келген. Бұл заңбұзушылықты мегаполис әкімдігі табиғи аумақты коммуналдық меншікке алған соң ғана анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маусымда Алматы әкімі Бауыржан Байбек заңға сәйкес басып алынған жер телімдерін қайтаруды және оны көгалдандыруды тапсырған еді. 

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы хабарлағандай, дәл қазіргі уақытта қаланың ең үлкен және жасыл аумағындағы барлық жер учаскелері қалаға қайтарылды. Осы уақыт аралығында Алматы әкімдігі бақта реконструкциялық жұмыстар атқарды. 

Бұдан бөлек, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бақта тәулік бойы жұмыс істейтін полицияның тірек постысы іске кірісті. Сонымен қатар, бұрын құлаған ағаштардан жасалған эко-стильдегі навигациялық тақтайшалар, орындықтар қойылды. Терек, емен, қайың аллеялары үшін ағаш отырғызу жоспарланған. 

Ағаштардың иммунитетін көтеру және зиянкестерден қорғау үшін заманауи препараттар арқылы жасыл желектер биологиялық өңдеуден өтетін болады. Табиғи аймақта флора мен фаунаны кеңейту міндеті қойылған. 

Айта кетерлігі, Алматы әкімдігі қаладағы заңсыз иемденіп алған территорияларды қайтару бағытында жұмыс жасап жатыр. Соңғы айда тағы да бірқатар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Әкімдіктің қаулысы бойынша «Атакент» орталығымен 23 га жер телімін уақытша жалға  келісімі күшін жойды. «TURKUAZ GROUP OF COMPANIES» компаниясы «Южный» паркі учаскесінде тұрғын үй салудан өз еркімен бас тартты.

Екінші деңгейлі банктің бірімен Розыбакиев-Штраус-Есқараев-Радостовец көшелері аумағындағы жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы келісімге қол жеткізілді. Сақ қорғаны орналасқан бұл жерге ашық аспан астындағы Музей салу жоспарланған. 

Сонымен қатар, Алматы әкімдігі қала ипподромы мен "Сайран" автовокзалын тарихи-мәдени мұра обьектілерінің алдын ала жасалған тізіміне енгізді.

Өткен аптада әкім Бауыржан Байбек Абай  көшесі бойындағы Түрксіб ауруханасының бұрынғы ғимаратын Алматы қаласы тарихының ескерткіштері тізіміне енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды.