«Оңтүстік» энергия аймағының электр желілерін күшейтудің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Бұл жайныда ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық электр желілерін жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Оның ішінде Батыс энергия аймағы электр желілерін күшейту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2023 жылы аяқтау көзделіп отыр», - деді ведомство басшысы.
Ал Оңтүстік энергия аймағының электр жүйелерін күшейту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатқан көрінеді.
«Негіздеме дайын болғаннан кейін жобаны іске асырудың параметрлері мен мерзімдері айқындалады», - деді Болат Ақшолақов.
Айта кету керек, Үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Оңтүстік және Батыс аймақтардың электр желісін күшейту жұмыстары жеткіліксіз қарқынмен жүргізіліп жатқанын сынаған еді.