08 там, 2019 сағат 20:14

Батыс Қазақстанда желдің күшейетіні жөнінде ескерту жарияланды

Батыс Қазақстан облысында желдің күшейетіні жөнінде ескерту жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, 9 тамыз күні кей жерлерде оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.

Орал қаласында да осындай ауа райы орын алмақ.

БҚО ТЖ департаменті осыған байланысты тұрғындар арасында төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында тиісті шаралардың алынып жатқанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын өңірде күшті жел Орал қаласы мен облыстың бірқатар аудандарында ғимараттардың шатырын жұлып әкеткенін жазған болатынбыз.

5 тамыз күнгі қатты жел салдарынан Оралда 4, Бәйтерек ауданында 1, Қазталовта 5, Жәнібекте 4, Тасқалада 3 ғимараттың шатыры ұшып түсті.

Барлық нысандарға келтірілген материалдық шығынды анықтау мақсатында арнайы комиссиялар жұмыс жасауда.

Бөрлі ауданында балконның темір жабыны құлап, үй жанында тұрған 4 жеңіл көлікке зақым келді.

Ағаш пен шифер кесегінің құлауына байланысты Оралда 5 адам жарақат алды. Соның ішінде 8 жасар қыз әлі ауруханада емделуде.

Орал қаласында 60 терек құлап, соның алтауы автокөлікке түсті.

Оралда үзілген электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бүгін түске дейін әлі де 400-дей үйдің электр жарығынсыз отырғаны мәлім етілді.

Барлық апаттық және құтқару қызметтері күшейтілген режимде жұмыс жасауда.