01 там, 2018 сағат 12:13

Батыс Қазақстанда жазушы Хамза Есенжановтың мүсіні орнатылды

Бүгін БҚО Теректі ауданы Подстепный ауылындағы «Ұлы дала» саябағында белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамза Есенжановтың мүсіні ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Жазушының ескерткіші «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оның дүниеге келгеніне 110 жыл толуына орай орнатылды.

Хамза Есенжанов (1908-1974) бұдан 110 жыл бұрын Теректі ауданындағы Шалқар көлі жағасында дүниеге келген. Подстепный - Теректі ауданына қарағанымен, Орал қаласына іргелес орналасқан ірі елді мекен.

Шараға қатысқан ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгерееваның атап өткеніндей, Хамза Есенжановтай ұлы тұлғаға ескерткіш орнату - елдіктің белгісі.

«Хамза Есенжанов - қазақтың ұлы жазушыларының бірі. Мұндай ескерткіш қазаққа, ұлтқа қызмет еткен қаламгердің 100 жылдығында, тіпті тірі кезінде де қойылса, артық етпес еді. Дегенмен ештен кеш жақсы, бұл да - ұлы дала перзентіне деген құрмет. Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, түрмеде күн кешіп, айдауда жүрсе де, туған елге деген махаббатын жоғалтпаған жазушы кейін трилогияға айналған «Ақ Жайық» романын жазды. Оның жанында жары София апайдың сүйеніш болып өмір бойы жүргенін көзіміз көрді. Осындай бабаларын кейінгі ұрпақ қадірлей білуі керек», - деді Ақұштап Бақтыгереева.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде сондай-ақ аудан әкімі Кәрім Жақыпов, Хамза Есенжанов туралы кітап жазып, оның есімін мәңгі есте қалдыру бағытында тынбастан еңбек етіп жүрген тарихшы-ғалым Сайлау Сүлейменов сөз алып, мұндай шаралардың жалғасын табатынын жеткізді.