Батыс Қазақстандағы ауылдардың бірінде ескі үйдің астынан адамның сүйегі табылды, деп жазады Sputniknews агенттігі жергілікті "Мой город" басылымына сілтеме жасап.
Бөрлі ауданындағы Приуральное ауылының шетінде отыз жылдан бері зейнеткер әйел тұрады. Бірнеше жыл бұрын су тасқынынан кейін үйдің фундаменті отырып, жарықтар пайда болады. Әйелдің ұлының айтуынша, содан бастап үй жанындағы шұңқырға байланысты қорқынышты түстер мазасын кетіріпті. Сол кезде ол шұңқырды зерттеп көреді.
Белгілі болғандай, үйдің астында адамның бойындай бөлме бар екен, жерде бірнеше адамның бассүйектері табылған. Жергілікті полиция археологтарды шақырып, бұл жайттың анық-қанығын білмек болады.
Төрт бассүйек Орал қаласына сараптамаға жіберілген, жақында ауылға профессор, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов барып, жер астындағы бөлмені тексеріпті.
"Табылған сүйектер адамдікі. Шашылып жатқан, жер астындағы бөлме кең, тоннельге ұқсайды. Бірақ қазуға болмайды – жер опырылып, үйінді астында қалу қаупі бар. Мұны оба деп айтуға әлі ете, бірақ жүз немесе одан да көп жыл бұрын қазылған болуы мүмкін. Сараптама жасалғаннан кейін белгілі болады", — деді археолог.
Профессордың айтуынша, бұл жердің тарихи маңызы зор екені дәлелденсе, археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. Ал егер сүйектер Азамат соғысы кезеңіне немесе XIX ғасырға тиесілі болса, қайта жерленетін болады.