03 ақп, 2020 сағат 11:08

Батыс Қазақстанда шұжық шығаратын цех өртенді

Батыс Қазақстан облысында шұжық цехы өртенді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға бүгін таңмен Бәйтерек ауданы Дариян ауылында Б.Момышұлы көшесіндегі «Казак Акбарс» ЖШС аумағында болды.

Шұжық өнімдерін өндіретін цехтың отқа оранғаны жөнінде сағат 06.37-де хабар түскен. Цехтың төбесі мен ішіндегі жабдықтары жанған. Өрт 150 шаршы метрді қамтыды. Ғимараттың жалпы аумағы 2000 шаршы метр болғандықтан, қосымша күш шақырылды.

«Өртті сөндіруге барлығы 22 адам, 5 техника жұмылдырылды. «Тілсіз жау» сағат 09.53-те ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталу үстінде», деді ҚазАқпарат тілшісіне БҚО ТЖ департаменті зілзалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиев.

Оның айтуынша, өндіріс орындарында өртке жол бермес үшін техникалық шаралармен бірге өрт қауіпсіздігін сақтауға баса мән беру қажет. Ол үшін жұмысшыларды оқыту, өрт қауіпсіздігі талаптарын мүлтіксіз орындау, көрнекі үгіт құралдарын қолдану сынды шараларды жүзеге асыру керек.