14 нау, 2022 сағат 21:02

Батыс Қазақстанда сауда орындарында қанттың жеткілікті қоры бар


Батыс Қазақстан облысында сауда орындарында қанттың жеткілікті қоры бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мәлім еткеніндей, 12-13 наурыз күндері негізгі базарлар мен сауда орындарындағы жағдайға мониторинг жасау және азық-түлік өнімдерін көтерме өткізушілермен келіссөз жасау барысында өзге елдер азаматтары тарапынан тауар сатып алуға дүрлігу байқалған жоқ.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде Ресейден экспортқа тыйым салуға байланысты қанттың тапшылығы болуы мүмкін деген ақпарат тарап кетті. Соның салдарынан Орал қаласындағы жекелеген супермаркеттерде жергілікті тұрғындар арасында қантты сатып алу 4 есеге артты.

Соңғы күндері қант бағасының өсуі Ресейден Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне астық пен қантты экспорттауға уақытша тыйым салынуына орай аталмыш өнімді жеткізушілердің көтерме бағасының көтерілуіне байланысты.

Облыс әкімдігі қант бағасын тұрақтандыру мақсатында қажетті шараларды қабылдауда. Мәселе жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.

БҚО статистика департаментінің мәліметіне қарағанда, соңғы аптада қанттың орташа бөлшек сауда бағасы 1,7 пайызға артқан. Мұның негізгі себебі доллар бағамының өзгеруіне байланысты.

Сондай-ақ қанттың негізгі көлемі облысқа Ресей мен Беларусьтан жеткізіледі. Ресейге салынған санкция салдарынан аталған елдердегі бірқатар ірі зауыттар көтерме саудаға дайын өнім шығаруды және экспорттауды уақытша доғарған. 

Қазіргі кезде Үкімет дағдарысқа қарсы, соның ішінде өңірлердің импортқа тәуелділігін төмендету бағытындағы шараларды қабылдауда. Жергілікті жерде де тапшылыққа жол бермеу және отандық тауар өндірушілермен қарым- қатынасты реттеу мақсатында жұмыстар жүргізілуде.