Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері взвод командирін атып өлтірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметі басқармасы Ақжайық ауданы 2-батальонының қызметкері, 1994 жылғы полиция сержанты табельдік қаруынан осы батальонның 1986 жылғы взвод командиріне бірнеше рет оқ атқан. Соның салдарынан взвод командирі оқиға орнында қаза тапты.
БҚО Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 6 қыркүйек күні сағат 16.30 шамасында Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында аудандық ішкі істер бөлімінің аумағында орын алған.
"Қызметкер өз бастығын – взвод командирін атып өлтірді. Күдікті ұсталды", — деп хабарлады Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қоңырау сағат 16.32-де түскен, ер адам дәрігерлер жеткенше көз жұмды.
Қазіргі кезде себеп-салдары анықталып жатқан оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасауда.
"Ақжайық ауданы екінші батальонының полиция сержанты взвод командиріне табельдік қарудан оқ атты", — деп хабарлады өңірлік ішкі істер департаментінен.
Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Видео: uralskweek.kz