05 там, 2019 сағат 20:33

Батыс Қазақстанда күшті жел ғимараттардың шатырларын жұлып әкетті

Батыс Қазақстан облысында күшті жел ғимараттардың шатырларын жұлып әкетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін Орал қаласы мен облыстың бірқатар аудандарында орын алды.

Атап айтқанда, Қазталов ауданы Жаңажол ауылында сағат 16.15-те күшті жел салдарынан орта мектептің шатыры (120 шаршы метр) сыпырылып түсті. Аудан орталығы Қазталов ауылында «Қазпошта» АҚ бөлімшесі ғимаратының жылу ұстайтын жабыны да (25 шаршы метр) шыдамады.


Сағат 16.30-да Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында М.Ықсанов атындағы колледж спорт залының шатыры (24 шаршы метр) құлады.

Тасқала ауданы Тасқала ауылында сағат 15.40-та жел халықты жұмыспен қамту орталығының шатырын (225 шаршы метр) жұлып әкетті.

Орал қаласында сағат 17.20-да М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғимаратының 40 шаршы метр жылу ұстайтын қаптамасы (алюкобонд) құлады. Сонымен қатар Зачаган кенті Қамбар батыр көшесі 6 және Оралдағы Ю.Гагарин көшесі ¼ мекенжайларындағы үйлердің профлистерінің құлау қаупі туындағаны жөнінде мәлімет түсті.


Оған қоса тұрғындар қала көшелерінде ағаштардың құлап, автокөліктерді басып қалғаны жөнінде хабарлауда.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалада Әбілқайыр хан даңғылында автокөлікке үлкен бұтақ құлаған. Соның салдарынан көзінен жарақат алған 1988 жылғы ер адам, сондай-ақ 2003 жылғы қыз қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Желаев кентінде шифердің кесегі 2011 жылғы қыздың басына құлаған. Қыз қалалық ауруханаға жеткізілді. Н.Назарбаев даңғылында бұтақ 1950 және 1945 жылғы әйелдің басына түскен. Оның біріншісі ауруханаға жатудан бас тартты. Екіншісі қалалық ауруханаға жеткізілді.

Қазіргі уақытта ақпараттар нақтылану үстінде.