26 мам, 2023 сағат 14:18

Батыс Қазақстанда балаларды аңдыған ер адам ұсталды

Фото: mgorod.kz

Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында балаларды аңдыған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

24 мамырда әлеуметтік желілерде Ақсай қаласында белгісіз ер адамның ойын алаңындағы балаларды бақылап, олармен сөйлесуге тырысқаны жайлы видео тарады.

"Оқиға орнына дереу учаскелік полиция инспекторы жіберіліп, 1978 жылғы азаматты тексеру кезінде одан пышақ табылып, тәркіленді. Медициналық сараптама қортындысына сәйкес ол есірткіге мас болған. Ер адам Ақсай қаласының уақытша бейімдеу орталығына орналастырылып, бір тәулік өткеннен кейін босатылды", - дейді ведомство.

Ал келесі күні 25 мамырда Ақсай қаласындағы 10-шы шағын аудан тұрғындарынан бұл адамның тағы да аулаларды аралап жүргені туралы шағымдар түсе бастаған.

"Полиция 1978 жылы туған тұрғынды медициналық тексеруден өту үшін Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізді, оның нәтижесі бойынша ол Орал қаласындағы облыстық психикалық-денсаулық орталығына жеткізіліп, бақылауға алынды. Оған "Шизофрения белгілері жоқ ТБИ фонындағы психикалық және мінез-құлық өзгерістері" диагнозы қойылды", - дейді полиция.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, ер адамның шалбарын шешкені туралы ақпарат жоқ.

"Шалбарға қатысты ақпарат тексеріліп жатыр, тұрғындардан бұл бойынша арыз-шағым түспеді. Ұсталған тұрғын бұрын қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, сондай-ақ психоорталық пен есірткі бойынша есепке алынбаған. Осы факті бойынша Бөрлі АПб-да ҚР ҚК 124-бабының 1-тармағы "Жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау"" бойынша тергеу жүріп жатыр", - дейді Батыс Қазақстан облыстық ПД баспасөз қызметі.