Фото: Unsplash
Батыс Қазақстан облысында ер адам жүк көлігін жөндеу кезінде көз жұмды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі, полиция майоры Дариға Мәжитованың айтуынша, оқиға 4 сәуір күні шамамен сағат 16.40-та Ақсай қаласы Балдырған көшесінде болған.
Оның сөзіне қарағанда, 1976 жылғы жүргізуші үйінің ауласында өзінің "Газ САЗ 35071" (самосвал) көлігін жөндеген. Тормоз сұйығын ағызу кезінде көліктің астында жатқан азамат кәмелетке толмаған 2009 жылғы ұлына кабинаға отырып, машинаны оталдырып, тормоз тепкішін басып, өзіне көмектесуін өтінген.
"Бұл кезде беріліс қорабы қосулы болған автокөлік өздігінен алға жүріп, ер адамды басып кеткен. Салдарынан ер адам аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес тіркелді", - деді Дариға Мәжитова.