Бес күн бойы мемлекеттік органдар мен күштік ведомстволардың өкілдері «Бекет-2022» оқу-жаттығуының бекітілген жоспары бойынша дағдарыстық жағдайларды еңсерудің және сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың түрлі сценарийлерін пысықтайды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шаралар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету, күштік құрылымдардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып іске асырылатын болады.
Аталған оқу-жаттығуға орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, ҰҚК Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның жедел топтары жұмылдырылды. «Бекет-2022» оқу-жаттығуы шеңберінде әр әскер тектерінің, әскери құрамалар мен мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимыл жасау элементтері пысықталуда.
Бүгін полигонда дағдарыс қаупі төнгенде немесе орын алған жағдайда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша арнайы-тактикалық оқу-жаттығу өтті. Полиция бөлімшелері, Ұлттық ұлан және мемлекеттік органдардың өкілдері күштер мен құралдарды топтастыруды бірлесіп басқару алгоритмін жасады.
Жергілікті жердегі тактикалық оқу-жаттығу шеңберінде Шекара қызметі әскери қызметшілерінің алдына шекаралас мемлекеттің аумағына өтуге тырысатын қарулы қылмыскерлерді іздеу жөнінде тапсырма берді.
Сондай-ақ, терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб құқық қорғау, арнайы органдардың, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Арнайы операциялар күштерінің қатысуымен терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткізді. Қауіпсіздік қызметкерлері түрлі қауіп-қатерлерге шұғыл ден қою, сондай-ақ террористік актілердің салдарын жою және азайту жөніндегі іс-қимыл мәселелерін пысықтады.
«Бекет-2022» ведомствоаралық оқу-жаттығуы уәкілетті органдар мен әлеуетті құрылымдардың жұмылдыру дайындығының жай-күйін тексеруге, ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуге бағытталған.