25 сәу, 2022 сағат 13:38

Баспанасы бола тұра, тұрғын үй кезегіне тіркелгендер бар – Отбасы банк


Тұрғын үй кезегіне тұрған кейбір қазақстандықтардың жылжымайтын мүлкі бар болып шықты. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұрғын үй кезегінде тұрған 46 азаматтың өтінімі кері қайтарылды. Себебі олардың жылжымайтын мүлкі бар. Ал ереже бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азамат атында жылжымайтын мүлік болмауы тиіс. Демек жергілікті әкімдік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды тексермей, үй кезегіне қоя береді деген сөз», - деді Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Банк басшысының айтуынша, кейбір әкімдіктер тұрғын үй кезегінде тұрғандарға мониторинг жүргізбейді. 

«Сонымен қатар 52 клиенттің салық бойынша қарызы болған. Сол сияқты 46 клиентке төлем міндеті жүктелген. Бұл дегеніміз аталған азаматтардың басқа банк алдында қарызы бар деген сөз. Олар басқа банк есепшотындағы қаржысын меңгере алмайды. Біз қазір бұл мәселені шешудің заңды жолын қарап жатырмыз. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тиісті заңнаманың жобасы әзірленді. Ол қазір Мәжілістің қарауында жатыр. Бұл - Қазақстанда алғаш қолға алынып отырған жоба. Яғни мемлекеттен субсидия алу үшін арнайы есепшоттың болуы. Ол есепшотқа түскен қаржыны басқа банк бізге қарыз деп шешіп алмауы тиіс. Егер ол азаматтың салық бойынша қарызы болса да, мемлекет беріп тұрған басқа мүмкіндікті пайдалануға құқығы бар», - дейді ол.