ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2020 жылғы қаңтар-мамырдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, биылғы мамырда сыртқы нарықтарда көптеген елдерде коронавируспен ауырудың өсімі төмендеуіне және біртіндеп карантиннен шығуға байланысты жағымды көңіл-күй басым болды. Карантин шараларын бәсеңдету экономикалық белсенділіктің және энергия ресурстарына сұраныстың қайта жаңғыруына ықпал етті.
ОПЕК+ мұнай өндірісін қысқарту туралы уағдаластығын іске асыру есебінен мұнай нарығындағы теңгерімділікті біртіндеп реттеу аясында осы жылғы мамырда мұнайға баға белгілеу бір баррель үшін $25,3-дан $35,3 дейін 39,8%-ке өсті. Осы жылғы 8 маусымдағы жағдай бойынша әлемдік нарықтарда мұнай бір баррель үшін $40,8 деңгейінде жабылды.
Жаһандық нарықтардағы күтулер көптеген елдерде карантин шараларын алып тастаумен және соның салдары ретінде, жақсартылған статистикалық деректермен, атап айтқанда Қытайдан, АҚШ-тан және ЕО-дан қолдау табуда. Мәселен, Global PMI Manufacturing индексі 2020 жылғы мамырда 39,6-дан 42,4-ке дейін өсті. Төмендеу барлық көрсеткіштер – шығару көлемі, жаңа тапсырыстар, жаңа экспорттық тапсырыстар және жұмыспен қамту бойынша баяулады.
«Кейбір жандану белгілерін біз Қазақстан экономикасында да Ұлттық Банк ай сайын бағалайтын Іскерлік белсенділік индексі негізінде көріп отырмыз. 447 ірі, орта және шағын кәсіпорынға жүргізілген пікіртерім нәтижелері бойынша өнеркәсіпте, құрылыста және қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік индексі ағымдағы жылғы сәуірдегі 37,2 тармақпен салыстырғанда осы жылғы мамырда 44,0 тармаққа дейін өсті, бірақ әлі де 50 тармақ белгісінен төмен болып қалуда. Жағдайдың едәуір жақсаруы қызмет көрсету саласында байқалды, онда индекс 34,7-ден 42,8-ге дейін өсті. Құрылыстағы іскерлік белсенділік индексі 42,1 (биылғы сәуірде – 36,3), өнеркәсіпте – 46,9 (42,1) болды», — деді Е. Досаев.
Биылғы мамырда жылдық инфляция 2020 жылға арналған 4-6% нысаналы дәлізден жоғары қалыптасып, 6,7% болды.
Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсімі 10,7%-ке дейін жылдамдады, бұл 2016 жылғы қазаннан бастап ең жоғары мән болып табылады және инфляцияға негізгі үлес қосуды жалғастыруда. Айлық өсім жоғары болып қалуда, алайда жекелеген азық-түлік өнімдері бағасының өсу қарқыны тұрақтану аясында, атап айтқанда, ет пен ет өнімдерінің бағасының 1,3%-ке дейін (ағымдағы жылғы сәуірдегі 1,6%-тен), жарма бағасының 2%-ке дейін (3,4%) баяулауы шеңберінде азық-түлік тауарларының бағасы ағымдағы жылғы наурыз-сәуірдегі жоғары мәндерден (1,7-1,9%) кейін 1,2%-ке дейін баяулады. Қант 1,2%-ке арзандады (ағымдағы жылғы сәуірде – 6,2%-ке өсті), көкөністер 1,9%-ке арзандады (ағымдағы жылғы сәуірде – 3,1%-ке өсті).
Азық-түлікке жатпайтын тауар бағасының жылдық өсімі жалғасып келе жатқан ЖЖМ-ның бағасы (бензин мен дизель отыны 0,7%-ке) төмендеуі кезінде 5,3%-ке дейін бәсеңдеді.
«Ақылы қызметтің жылдық инфляциясы бір айда төтенше жағдайда реттелетін коммуналдық қызмет тарифтерінің уақытша азаюынан 3,5%-тен 3,0%-ке дейін төмендеді. Ағымдағы жылғы мамырда тарифтер 3%-ке, жылдық көрсету бойынша 1,9%-ке төмендеді. Бағалауымыз бойынша, ағымдағы жылғы жылдық инфляция 4-6%-тік нысаналы дәлізден жоғары қалыптасады және Brent маркалы мұнайдың бір баррелі үшін $35-40 көздейтін базалық сценарийге сәйкес 8,0-8,5% болады. 2021 жылы айырбастау бағамының ішкі бағаларға ауысу нәтижесінің аяқталуына және ішкі экономикадағы жағдайдың тұрақтануына қарай жылдық инфляция нысаналы дәліздің жоғары шегіне біртіндеп бәсеңдейді», — деді Ұлттық банк төрағасы.
Осы аяда Ұлттық Банк ағымдағы жылғы 8 маусымда базалық ставканы +/- 2 проценттік дәлізімен 9,5% деңгейде сақтап қалды.
Биылғы мамырда ішкі валюта нарығы сыртқы және ішкі факторлардың оң әсерінен дамыды. Мұнай бағасының өсімі Қазақстанның сауда әріптестері елдерінің валюталарына қолайлы әсер етті. Ресей рублі ағымдағы жылғы мамырда бір АҚШ доллары үшін 70,14 рубльге дейін 5,7%-ке, еуро – бір еуро үшін 1,11 АҚШ долларына дейін 1,3%-ке нығайды.
Республикалық бюджетке кепілдендірілген трансфертті бөлу мақсатымен Ұлттық қордан валютаны жоспарлы сату ұлттық валютаға қосымша қолдау көрсетті.
«Өткен айда квазимемлекеттік сектордың компаниялары экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату жөнінде қабылданған шараларды қолдану жалғасты. Ағымдағы жылғы мамырда КМС субъектілерінің сату көлемі бір айда $156 млн құрады. Мұнайдың әлемдік бағасының өсуі ішкі қолайлы факторлармен қатар теңгенің айырбастау бағамының ағымдағы жылғы мамырдағы бір АҚШ доллары үшін 424,57 теңгеден 411,55 теңгеге дейін 3,1%-ке нығаюына ықпал етті. Биылғы 8 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы бойынша орташа бағам бір АҚШ доллары үшін 397,27 теңге деңгейінде қалыптасты», — деді Е. Досаев.
Сауда балансының профициті $6,9 млрд дейін ұлғаю аясында төлем балансының ағымдағы шоты 2020 жылғы 1-ші тоқсанда алдын ала бағалау бойынша $1,2 млрд профицитімен қалыптасты. Тауарлар экспорты $581 млн АҚШ долларына ұлғайды, ол негізінен бұрын жасалған келісімшарттарға сәйкес сандық жеткізілімдердің 13,8%-ке артуы есебінен мұнай мен газ конденсатын экспорттау құнының 18,5%-ке өсуіне байланысты болды. Тауарлар импорты жеке тұлғалардың шекарадан өтуіне тыйым салынуына байланысты шекара маңындағы сауданың қысқаруы нәтижесінде $148 млн азайды.
Алдын ала деректер бойынша, ЕДБ-ның Ұлттық Банктегі валюталық шоттарының $600 млн өсуі нәтижесінде АВР-дың валюталық бөлігінің ұлғаюы есебінен Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері ағымдағы жылғы мамырда 3,1%-ке немесе $950 млн ұлғайып, $31,5 млрд құрады. Алтынды Ұлттық қорға $250 млн сату және алтын бағасының бір унция үшін 1 717-ден 1 726 долларға дейін өсуі есебінен алтын портфелі аздап $137 млн азайды.
Ұлттық қордың активтері ағымдағы жылғы мамырда өткен айға қарағанда айтарлықтай өзгере қойған жоқ және $58,5 млрд құрады. Ағымдағы жылғы мамырда Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілді трансферт ретінде шамамен $1,6 млрд баламасында 650 млрд теңге бөлінді.
«2020 жылғы мамырда Ұлттық қордан кепілді трансферт бөлу үшін $1,1 млрд сомасына валюта сатылды. $384 млн мөлшеріндегі шетел валютасының түсімі және ағымдағы жылғы мамырдағы акциялар нарығының ішінара қалпына келуі нәтижесінде алынған $670 млн мөлшеріндегі инвестициялық кіріс Ұлттық қордан сатылымдардың орнын толтырды. Халықаралық жалпы резервтер ағымдағы бір айдың ішінде 1%-ке ұлғайып $90 млрд құрады», — деді Ұлттық банк төрағасы.
Биылғы сәуір айының соңында депозиттер көлемі валютадағы және сол сияқты теңгедегі салымдардың өсуі есебінен жыл басынан бері 3,3%-ке ұлғайып, 19,6 трлн теңге болды.
Ұлттық валютадағы салымдар 2,8%-ке (немесе 301 млрд теңгеге), шетел валютасындағы салымдар – 4,0%-ке (немесе 328 млрд теңгеге) өсті. Бағамды қайта бағалауды ескермегенде, валюталық салымдар 6,3%-ке немесе $1,3 млрд төмендеді.
Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі ағымдағы жылғы сәуірде 43,4% (2019 жылғы желтоқсанда 43,1%) болды. Ағымдағы жылғы мамырда депозиттердің долларлануы ағымдағы жылғы 29 мамырдағы алдын ала бағалау бойынша 41,8%-ке дейін төмендеді.
Ағымдағы жылдың басынан бастап ұзақ мерзімді кредиттердің 1,8%-ке немесе 12,0 трлн теңгеге дейін 216,5 млрд теңгеге өсуі нәтижесінде экономикаға кредиттер ағымдағы жылғы сәуірдің соңында 14,1 трлн теңгеге дейін 1,4%-ке (немесе 187,7 млрд теңгеге) ұлғайды. Қысқа мерзімді кредиттер 2,0 трлн теңгеге дейін 1,4%-ке (немесе 28,8 млрд теңге) азайды.
Заңды тұлғалардың теңгедегі кредиттері бойынша ставка ағымдағы жылғы наурыздағы 12,5%-тен ағымдағы жылғы сәуірде 12,1%-ке дейін, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 12,0%-ке дейін (12,4%) төмендеді, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша ставка 13,3%-ке дейін (13,1%) аздап өсті.
Экономиканы қолдау шеңберінде Президенттің дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда.
Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 4 маусымда кәсіпкерлер 494,4 млрд теңге сомасына 2 041 өтінім берді, 197,6 млрд теңгеге 1 467 қарыз берілді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 5 маусымдағы жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 305,1 млрд теңгеге 526 өтінім қабылдады, 210,4 млрд теңге сомасына 422 қарыз берді.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 4 маусымда 216,5 млрд теңгеге 18 769 өтінім мақұлданды, оның ішінде 183,9 млрд теңге сомасына 15 556 қарыз берілді.
«Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 4 маусымда 244,4 млрд теңге сомаға 29 324 өтініш мақұлданды, 198,0 млрд теңгеге 24 277 қарыз берілді.