20 қар, 2019 сағат 11:50

Басқарма адам ағзасын трансплантациялау оқиғасына түсінік берді

Шымкент Денсаулық сақтау басқармасы адам ағзасын заңсыз трансплантациялау күдігімен ұсталған дәрігерге қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Донбай Абылай Абдужаппарұлының уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы ақпарат БАҚ-да таралған болатын. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты ресми түрде растап, қылмыстық іс тергеліп жатқандығын хабарлайды. Мемлекеттік орган ретінде тергеу барысына араласуға құқымыз жоқ. Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары іс жүргізу шешімін қабылдайды. Абылай Абдужаппарұлы 2019 жылдың наурыз айынан бастап №1 қалалық клиникалық ауруханада бас дәрігердің қызметін атқарып келген» делінген басқарма таратқан хабарламада.

Еске салсақ, кеше Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері уақытша оқшаулағышқа қамалғанын хабарлаған болатынбыз. Ол Қазақстан аумағында ұйымдастырушысы шет мемлекеттің азаматы болып табылатын қылмыстық топ адам ағзаларын трансплантациялау бойынша әрекет еткен деп күдіктелуде.