19 қаз, 2021 сағат 20:20

Бас прокурор ресейліктерді әбігерге салған Finiko қаржы пирамидасы туралы пікір білдірді


ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов ресейліктерді әбігерге салған «Finiko», «C.Invest» және «getdiscount.kz» сияқты қаржы пирамидалары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Finiko», «C.Invest» және «getdiscount.kz» қызметтері туралы мынаны айту керек. Алматы қаласының полиция департаменті «Finiko» қаржы ұйымына қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық) бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруде. «Finiko» қаржылық пирамида екені (Ресей Федерациясында тіркелген), анықталды. Іс аясында жауап алынған Қазақстан азаматтары «Finiko» салымшысы екенін жəне бонус алу үшін басқа адамдарды тартқанын түсіндірді. Осыған байланысты Ресей Федерациясына күдіктілерден істің мəн-жайы бойынша жауап алу үшін халықаралық тергеу тапсырмасы жіберілді», - деп жазды бас прокурор Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына жолдаған жауабында. 

Оның айтуынша, аталмыш істің тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында.

«C.Invest» қаржылық пирамидасын құру жəне оны басқару фактісі бойынша бүгінгі күні қылмыстық іс қозғалған жоқ. Дегенмен Қаржылық мониторинг агенттігінің қаржылық барлау бөлімшесі «С.Invest» хедж-қорының қызметіне талдау жүргізіп, қаржылық пирамиданың белгілерін анықтады. Атап айтқанда, биылғы 29 маусымда «С.Invest» компаниясы ақпараттық технологиялар қызметтерін көрсету, бағдарламалық қамтамасыз етуді əзірлеу, БАҚ-тағы жарнама бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Дегенмен ұйымның сайтында криптовалюта саудасымен, инвестицияларды басқарумен, консультациялар бойынша қызметтер көрсетумен байланысты қызметтер ұсынылған. Ал бұл қызметтер бойынша«Астана» халықаралық қаржы орталығынан ешбір сертификат алмаған. Сондықтан 16 тамызда АХҚО талабы бойынша «С.Invest» компаниясы «сinvest.kz» сайтын жойды», - дейді Ғизат Нұрдәулетов.

Аталған факті бойынша материалдар 30 қыркүйекте құқықтық бағалау үшін экономикалық тергеу қызметіне жіберілген. 

Бас прокурордың жауабына сүйенсек, «Getdiscount.kz» сайтында жарияланған заңдылығы зерделенген. 

Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігінің деректері бойынша 29 қыркүйекте көрсетілген сайттың қызметі кемшіліктер жойылғанға дейін уақытша тоқтатылды. 

Өйткені сервері шетелде орналасқан. Оларды жоймаған жағдайда аталған домендік атауды Қазақстан аумағында пайдалану тоқтатылады. 

«Бұдан басқа, Қаржы мониторингі агенттігінің қаржылық барлау бөлімшесі «getdiscount.kz» сайтының иелері туралы мəліметтер алу үшін Ресей Федерациясының уəкілетті органдарына сұрау жіберді. Олардың қызметінде қаржылық пирамида белгілерінің болуын көрсететін жеткілікті негіздер болған кезде тиісті ақпарат құқық қорғау органдарына жолданады. Сонымен қатар, Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігі уəкілетті органдармен бірлесіп «Finiko», «C.Invest» жəне «getdiscount.kz» интернет-ресурстары бойынша 14 бұзушылықты анықтады. Олар бойынша əлеуметтік желілер əкімшіліктеріне құқыққа қарсы материалдарды алып тастауды талап етіп, 4 ескерту хатын жолдады», - делінген Бас прокурордың жауабында.