ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов коллекторлық ұйымдарға келіп түскен шағымдар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Прокуратура органдары коллекторлар қызметіндегі заң бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда елімізде 200-ге жуық коллекторлық ұйым жұмыс істейді. Олардың қызметі үнемі азаматтардың сынына ұшырап жатады. 2020 жылы мен биылғы 8 айда уәкілетті органға олардың заңсыз әрекеттері туралы 691 шағым келіп түсті. Сол шағымдар бойынша тексерулер жүргізілді», - деп жазды Ғизат Нұрдәулетов депутаттық сауалға берген жауабында.
Сондай-ақ, ол коллекторлық ұйымдар жиі жіберетін негізгі заңбұзушылықтарды атады.
«Негізгі бұзушылықтар – борышкерді міндеттемелерді орындауға мәжбүрлейтін жосықсыз әрекеттер; берешектің мөлшеріне, сипатына және туындау негіздеріне қатысты жаңылыстыру; қарыз бойынша құқықтардың (талаптардың) үшінші тұлғаға өту мүмкіндігі туралы хабарлама талабын сақтамау және басқалар», - деп атап өтті Бас прокурор.
Оның мәліметі бойынша, тексерулер қорытындысы негізінде тізілімнен 28 коллекторлық агенттік шығарылған.
«Сондай-ақ 12 млн теңгеге 60 ден қою шарасы мен санкциялар қолданылды. Тексеру қорытындысы бойынша 22 коллекторлық агенттік қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдады. 4 жыл ішінде коллекторлық компанияларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы бар-жоғы 45 хаттама жасалған. Бұл олардың атына жіберілген бұзушылықтар мен шағымдар санына нақты сәйкес келмейді. Коллекторларды бұзудың алдын алу үшін прокуратура органдары олардың жұмысын бақылайтын агенттіктің жауапкершілігін арттыру тәсілдерін қайта қарастыруда», - деп түйіндеді Ғизат Нұрдәулетов.