02 нау, 2022 сағат 16:49

Бас прокуратура YouTube-та жарияланған бейнеүндеуге түсініктеме берді

© Sputnik

Қазақстанның бас прокуратурасы ұрланған қаруды өз еркімен тапсырған ер адам не себепті қылмыстық жазадан босатылмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

1-ші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, YouTube желісінде Т. Тоғжанның видеосы жарияланды. Ол жұбайын қылмыстық жауапқа тарту мәселесін көтеріп отыр. Ер адам қаруды өз еркімен тапсырған. Алайда полиция оны босатқан жоқ.

"Осы әйелдің жұбайы ағымдағы жылғы 6 қаңтарда адамдар тобында ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілініп, Жамбыл облысы полиция департаментінің ғимаратына кіріп, одан 3 "Калашников" автоматын және тапаншаны ұрлап кеткен. Оның әрекеттері Қылмыстық Кодекстің 291-бабы бойынша қаруды ұрлау ретінде сараланады. Оған сәйкес, қылмыстық жауаптылықтан босату көзделмеген", - деді Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда ол атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтаған кезде оны ерікті түрде тапсырса ғана қылмыстық жауапкершіліктен босату шарасы қолданылатынын атап өтті.

Қаруды сақтаудан басқа қылмыс құрамы болмауы керек.