Әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар ақпараттарды тарату фактілері анықталды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, авторлар жазбаларында азаматтардың немесе жалпы этностың (ұлттың, халықтың) ұлттық ашуын әдейі қоздырады, ұлтқа немесе этникалық топқа тіл тигізеді. Өзге ұлттың немесе әлеуметтік топтың өкілдеріне, оның ішінде олардың тілге деген көзқарасына тиісіп, физикалық зорлық-зомбылыққа тікелей шақырады.
«Бұл материалдардың авторлары әдеттегідей құқық қорғау органдарының көмегімен анықталып, жауапқа тартылады. Райынан қайтып, көпшілік алдында кешірім сұрайды. Алайда бұлай жасау оларды ешқандай да жауапкершіліктен босатпайды.
Олардың БАҚ немесе әлеуметтік желілерді пайдаланып айтқан сөздері мен мәлімделемелері Конституцияда тыйым салынанған және Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Ал егер келтірген залалдың салдары ауыр болса, 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Бұл құқық бұзушылық экстремистік қылмыс санатына жатады (ҚК-тің 3-бабы)», - делінген хабарламада.
Қоғамда алауыздық тудырып, ұлтараздықты ушықтыратын мұндай тұлғалар әрекетіне өкіну (ҚК-нің 65-бабы) немесе жәбірленушімен татуласу (ҚК-нің 68-бабы) арқылы, сондай-ақ қылмыс жасағанына біраз уақыт өтсе де (ҚК 65-бабы) қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан қашып құтыла алмайды.
«Мұндай әрекет жасағандарға шартты түрде соттау (ҚК-нің 63-бабы), шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ҚК-нің 72-бабы), жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру (ҚК-нің 73-бабы) немесе кейінге қалдыру қарастырылмаған (ҚК 74, 76-баптары).
Осындай қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін сотталғандар экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізіміне енгізіледі.
Тізімге енгізілген кезеңде олар өз қаржысы мен мүлкін басқарудан, кейбір банк операцияларын жүргізуден шектеледі, нотариустар мен сақтандыру ұйымдарының қызметтерін қолдана алмайды («Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заңы)» - делінген Бас прокуратураның ресми мәлідемесінде.
Жалпы, 2019 жылдан қазіргі кезге дейін соттар ұлтаралық араздықты қоздырған 21 тұлғаға қатысты үкім шығарған.
Мысалы, Алматының «Т» есімді тұрғыны Facebook әлеуметтік желісінде азаматтардың ұлтына қатысты үгіт-насихат жүргізгені үшін 2021 жылы 19 тамызында ҚК-тің 2-бабы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Осыған ұқсас тағы бір оқиғаны мысалға келтірсек, Алматының «Б» есімді тұрғыны 2019 жылы 23 қазанда 5 жылға сотталды. Ол «WhatsApp» пен «Youtube» хостингінде өзге этнос өкілін балағаттаған материалдар жариялаған.
Бас прокуратура азаматтарды және БАҚ өкілдерін аңдамай ұлтараздығын қоздыратын мәлімдемелерден аулақ болуға және мұндай материалдарды таратпауға шақырды.