11 сәу, 2022 сағат 17:38

Полиция қару қолдануға мәжбүр болды - Бас прокуратура қаңтар оқиғасы туралы


Қызылорда облысында қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде өлімге әкеп соқтырған 24 адамға қатысты қызметтік қару қолданудың себептері анықталды. Бұл туралы Бас прокуратураның бірінші қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

5 қаңтарда Қызылорда облысының полиция департаментіне қарулы шабуыл жасалды, деп еске алды Елдос Қилымжанов.

"Жүк көлігіне мінген лаңкестер ғимараттың қақпасын соғып, аңшы мылтықтарынан оқ жаудырып, бақылау-өткізу пунктін, Жедел басқару орталығының камералары мен патрульдік көліктерді өртеп жіберді.

Осыған байланысты полицейлер қызметтік қаруды қолдануға мәжбүр болып, әуелі аспанға оқ атқан, сосын шабуыл жасағандардың аяқ-қолын көздеген. Алайда бұл оларға кедергі бола алмады. Олар алкогольдік және есірткілік масаң күйде ғимаратқа бірнеше рет басып кірген", - деді Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, екінші шабуылдан кейін алты адамнан тұратын топ келіссөз желеуімен жергілікті полиция қызметінің бастығы Ибраев пен рота командирі Естаевты шақырған.

"Осы сәтті пайдаланып, бұрын сотты болған О.-ның келіссөз жүргізушілерінің бірі рота командирі Естаевқа кесілген шолақ мылтықтан оқ атқан. Естаев көптеген жарақаттармен, ауыр халде реанимацияға жеткізілген, онда ол дәрігерлердің күш-жігерінің арқасында аман қалды", - деп қосты ол.

Оның айтуынша, қоршауда қалған 12 сағат ішінде жергілікті полиция қызметінің ғимаратына барлығы 10-нан астам қарулы шабуыл жасалған. Атыс салдарынан 20 шабуылшы өлтірілді. Қалған төрт адамның кім екенін Қилымжанов нақтыламады.