Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыс жасады деген күдікпен 751 адам тергеу изоляторларында отыр. Олардың жай-күйін күн сайын прокурорлар мен құқық қорғау ұйымдары тексереді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бас прокуратура тұрақты түрде қамауда отырған адамдардың жай-күйі бойынша тексеру жүргізеді. Қазіргі уақытта тергеу изоляторларында 751 адам отыр. Күдіктілер ұсталатын үй-жайларды күн сайын прокурорлар ғана емес, құқық қорғау ұйымдары да тексереді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, үйлестіру кеңесінің мүшелерімен және ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен бірлесіп барлық өңірлерде тергеу изоляторында, уақытша ұстау изоляторында және арнайы қабылдау орындарында 118 кездесу жүргізілді. Ұстау жағдайларына соның ішінде санитарлық нормаларға, тамақтануға, дәрі-дәрмекпен қамтуға және басқаларына ерекше назар аударылды», - деді Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.