14 мау, 2023 сағат 14:22

Бас прокуратура Ильин, Ахметов, Ұранхаев және Сүлейменовадан жауап алады

Сурет: primeminister.kz

Абай облысындағы орман өртіне байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында жоғары лауазымды тұлғалардан жауап алынады. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс кулуарында журналистер Өмірәлиевтен "Абай облысындағы орман өртіне байланысты қанша қылмыстық іс қозғалды және осы қылмыстық істерде бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменованың статустары қандай?" деп сұрады.

"Семей орманы" резерватындағы ауқымды өрт бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Президенттің тікелей тапсырмасымен аталған қылмыстық істің тергелуі Бас прокуратураға жүктелді. Бас прокуратура тарапынан құқық қорғау органдарының ең білікті тергеушілері мен жедел уәкілдерін тарта отырып, тиісті ведомствоаралық тергеу тобы құрылды. Қазір тергеу тобы Абай облысында, өрт болған жерде жұмысын бастап кетті", - деді Өмірәлиев.

Айтуынша, өрттің салдарын және қоршаған ортаға елеулі зиянын ескеріп, ең бастысы 14 азаматтың қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқанына байланысты "қызметіне немқұрайлылықпен қарау" бабымен қосымша қылмыстық іс қозғалды. Бұл істі де Бас прокуратура тергеп жатыр.

"Іс аясында өз қызметіне салғырт не жауапсыз қараған, ауыр зардаптарға жол берген барлық лауазым иелері қылмыстық жауапқа тартылады. Әзірге бұл қылмыстық іс бойынша ешкімнің іс-әрекеті әлі сараланған жоқ. Тергеудің басталғанына шамалы ғана күн өтті. Сол себепті бұл жерде қылмыстық іс бойынша лауазым иелерінде әлі статус жоқ", - деді Өмірәлиев.

Бұл ретте БАҚ өкілдері "аталған лауазымды тұлғалардан жауап алынды ма?" деп сұрады.

"Жауап алынуға тиіс тұлғалардың көбі, ол жерде тек басшылық құрам ғана емес, орта буындағы басшылық құрам да бар, өртті сөндіру жұмыстарына қатысып жатыр. Сол себепті біз оларды қазір мазалап жатқан жоқпыз. Олардан міндетті түрден жауап алынады. Қазір басқа тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", - деді Бас прокурордың орынбасары.

Қылмыстық істі тергеу екі айға созылады.