Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы биыл оразаны неліктен көрші елдермен ақылдасып, бекіту себебін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кейде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан «Рамазан айының басталатын күнін Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесу арқылы белгілеу қандай қажеттіліктен туды?» деген сауалдар қойылып қалады. Осы ретте айта кететін жайт, өздеріңізге белгілі, осыған дейін Орталық Азия елдері арасында діни мерекелерді атап өтуде айырмашылық болатын. Оның өзіндік дәлелге сүйенген ғылыми әрі діни себептері болды. Алайда ауылы аралас жатқан бауырлас елдер оразаны екі күнде бастап, айт мерекесін екі күнде атап өткен жағдай бірнеше рет қайталанды», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бас мүфтидің айтуынша, жоғарыда аталған жағдай жамағаттың түсінбеушілігін тудырды.
«Біз Өзбекстан, Қырғызстан еліне барған жұмыс сапарымызда осы мәселені жан-жақты талқылап, ортақ пәтуа қабылдауға уағдаластық. Келесім негізінде екіжақты меморандум қабылданды. Аллаға шүкір, бүгінде Орталық Азия елдерінің шариғат және пәтуа саласы бойынша арнайы кеңесі құрылып, ортақ мәселелерді өзара келісіп, кеңесіп, шешім қабылдап келеміз», - дейді ол.
Айта кетейік, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады.