ҚХЛ-да трансферлік терезе жабылды, «Барыс» Даррен Дицтің орнына ешкімді алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
«Барыстан» капитанның кету себебін баспасөз мәслихаты барысында клуб президенті Борис Иванищев айтып берді.
«Дарреннің «Барысқа» да, Қазақстанға да бергені аз емес, ол – отандық хоккейдегі белгілі тұлға, алайда оған да, бізге де әрі қарай жылжитын уақыт туды. Соңғы кездері ол халық назарында болды. Басқа ойыншылардың да өздерін көрсететін уақыты келді, сол себепті осындай шешімге келдік. Бірнеше таңдау болды, алайда ЦСКА деп шешілді. (…) Біз бас жаттықтырушымен де, үшеуміз де ақылдастық. Оған да, клубқа да ең қолайлысы осы болды. Біздің ойыншылардың дамуына да бұл пайдалы, олар енді өздерін көрсете алады», - деді Борис Иванщев.
Еске сала кетейік, қазақстандық «Барыс» хоккей клубының қорғаушысы Даррен Диц ресейлік ЦСКА-ға өтті, қазақстандық тарап өтемақы алады.