22 ақп, 2021 сағат 15:37

Барлық салада шикізат пен материал бағасының өсу қарқыны баяулады

Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов 2020 жылдың IV тоқсанында экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарға жүргізілген сауалнама нәтижесі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, кәсіпорындар арасында Ұлттық банк жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша 2020 жылдың IV тоқсанында барлық салада бәсекелестіктің маңыздылығы жоғары деңгейге ие болған. 

Сауда кәсіпорындары нарықтық бәсекенің ықпалына көп ұшырайды, мұнда респонденттердің 42,5%-ы бәсекелестіктің өз бизнесіне әсер еткенін айтады. Өңдеу өнеркәсібінде мұндай кәсіпорындардың үлесі 31,0%-ға жетеді, ал тау-кен өнеркәсібінде 12,2% ғана. 

IV тоқсанда дайын өнімге қатысты сұраныс жағдайы біршама жақсарды. Ауыл шаруашылығында диффузия индексі – 57,5 сұраныс та өсіп келеді, өңдеу өнеркәсібі оң аймаққа кірді (ДИ – 51,7), көлік, құрылыс және тау-кен өнеркәсібінде құлдырау бәсеңдеді. Сауда саласында сұраныстың төмендеуі тұрақталды. Сонымен бірге барлық салада шикізат пен материал бағасының өсу қарқыны баяулады. 

«2021 жылдың І тоқсанында сұраныс жағдайы одан әрі жақсарады деп күтіледі, ДИ-дің ең үлкен өсімі өңдеу өнеркәсібінде (ДИ – 58,1), құрылыста (ДИ – 59,6) және саудада (ДИ – 56,1) болады деп болжануда.Кәсіпорындар дайын өнімге сұраныстың өсуін, шикізат пен материалдар бағасының өсуінің жеделдеуін, сондай-ақ жалақы жағдайының жақсаруын күтеді. Сонымен бірге өндіріс көлемінің маусымдық төмендеуі болуы мүмкін»,- дейді Жандос Шаймарданов. 

Сауалнамаға барлығы 2,6 мыңнан астам тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қойма кәсіпорындары қатысты.