10 там, 2018 сағат 15:03

Барлық қылмыстың үштен бірін сырттан келгендер жасайды - Алматы прокуроры

Алматыда әкімдікте өткен қоғамдық кеңес мүшелері мен ІІД қызметкерлерінің отырысында Алматы прокуроры Берік Жүйріктаев қаладағы қылмыс туралы статистикалық деректерді келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Алматы - еліміздің аса ірі қаржы, білім, мәдени орталығы. Ішкі және сыртқы көші-қон көрсеткіштері артып келеді. Бүгінде құқық бұзушылықтың 20 %-ы Алматыға тиесілі. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 31%-ы - басқа өңірден келгендер немесе шетелдік азаматтар(5 626 адамның 1 785-і)», - деді прокурор. 

Сонымен қатар, прокурор адамның жеке тұлғасына жасалған қылмысқа қарсы күрес әлі де қанағаттанарлық деңгейде еместігін айтты. Мұндай қылмыстар 4%-ға, тонаушылық 18%-ға артқан. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмағандардың арасындағы қылмыс 6%-ға артқан. Жыл басынан бері 2,5 мың жол оқиғасы тіркелген. Онда 3 мың адам жапа шексе, 75 жағдай қайғылы жағдайда аяқталды. 

«Алматыда көлік қозғалысы өте өзекті. Бірақ бұл қолымызды сілтей салдық деген сөз емес. Барлық қылмыстардың 70 пайызы - бөтеннің мүлкін ұрлау. Осы қылмыстардан 2 млрд теңгеге жуық шығын келтірілді», - деді Б.Жүйріктаев. 

Алайда, пәтер тонау мен ұялы телефондарды жымқыру сәйкесінше 31% және 14%-ға қысқарған, Ал көлік ұрлау дерегі 9,5%-ға артты.

Алматы прокуроры қалалық ІІД өкілдеріне жұмысты жақсарту бағытында бірқатар нұсқаулықтар берді. 

«Ұрлық қылмыстарын ашуға бар күшті салу керек. Ұрланған заттарды сатып, ақша жасау жолдарын да кес-кестеген жөн. Мемлекет басшысының құқықбұзушылыққа - нөл төзімділік туралы тапсырмасын белсенді орындау қажет», - деді Б.Жүйріктаев.