18 қаң, 2017 сағат 08:48

«Бәрi сатты, жалғыз қалдым...»

Мiнеки, жасым келдi жетпiс үшке... 
                            Естай

Халқының қалаулы ұлы, елiнiң еркесi, опасы жоқ мына жалған дүниеге сыя алмай кеткен бiртуар оғлан Заманбек Қалабайұлы Нұрқадiлов жер басып жүргенде 15 қаңтарда жетiншi мүшел жасқа толған болар едi! Асылдары мен жасындарын көзi тiрiсiнде көре алмайтын, тасада тұрып тас ататын, тегершiгiне таяқ қыстырып отыратын халықтың бiрi де бiрегейi, сiрә, бiз болармыз. Егер де тiрi болғанда Заманбек бұл күндерi жетпiс үш жасқа толар едi-ау. Ендiгi жерде бiздер – батырдың көзiн көргендер, оның назарына iлiккендер, шапағатына ие болған жандар осы бiр асыл азаматтың ерлiк iстерiн, жалпақ жұртқа жасаған жақсылығын жыл сайын оның туған күнiнде еске алып отыруға тиiспiз. Бұл кейiнгi жас өркен – жас толқынға өмiрлiк өнеге, алтын қазық болмақ. 

Заманбек Қалабайұлы кезiнде қандай қызмет атқарса да, өмiрде айшықты iз қалдырды. Ол қысқа ғұмырында Қазақ КСР Министрлер кеңесi жанындағы Селден қорғау құрылыстарын салу және пайдалану жөнiндегi бас басқарманы, Алматы қалалық кеңесi атқару комитетiн, Алматы қаласы әкiмшiлiгiн, Алматы облысын, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiн басқарған кезде елiне елеулi еңбек сiңiрдi. Бiрнеше рет Парламент депутаты болып сайланды. Сөйтiп, халқына қажымай-талмай қызмет еттi. 
Заманбек Қалабайұлы Алматыны басқарған жылдары iске батыл кiрiсiп, алдымен қазақтар үшiн тiркелуге жабық қала болып келген сол кездегi астанаға тiркелуге рұқсат еткенiн, сөйтiп барлық түйiндi жерлердiң бәрiне (паспорт үстелiне, милицияға, үй басқармаларына, қауiпсiздiк комитетiне, тағы басқа тиiмдi жерлерге) орналасып алып ойларына келгенiн iстеген келiмсектердiң аптығын басқаны еске түседi.

Кеңестiк заманда аузындағысынан айырылып, қолындағысынан қағылып қағажу көрiп келген ұрпақ мұны қалай ұмытсын! Оларға мүмкiндiгiнше үй берiп, кейбiреулерiне үй салатын жер алуға рұқсат еткенi, көбiсiн жұмысқа орналастырғаны ол кезде кiшiгiрiм төңкерiс жасаумен пара-пар болған едi. Заманбектiң жұртына жасаған шарапатының бәрiн айтып тауысу мүмкiн де емес. Оны сол сексенiншi жылдары қалаға тiркелiп, үй алған, жұмысқа тұрған, тiптi кейбiреулерi көлiк те алған қазақтардан сұрау керек. 

Ол әсiресе, өнер адамдарына көп жақсылық жасады. Соның iшiнде қазақтың ақын қызы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Фариза Оңғарсыноваға қалаған пәтерiн алып бергенiн оның ақын сiңлiсi Ақұштап Бақтыгереева “Менiң Фаризам” деген естелiк-эссесiнде (“Қазақ әдебиетi”, 19 тамыз 2016 жыл) мысалға келтiрiп жазды. Сондай-ақ белгiлi ақын, Франс Кафка атындағы сыйлықтың иегерi Шөмiшбай Сариевке жасаған жақсылығын Шөкеңнiң өзi жыр қылып айтады. Заманбектiң шаһар басшысы болып тұрған кездегi шапағаты адамгершiлiк пен мәрттiктiң үлгiсi деуге әбден болар едi. Осындай азаматтың бiр кездерi: 
Бәрi сатты, жалғыз қалдым,
Заңы солай аздықтың.
Iзсiз жаудан өстi тiкен,
Төгiлдi уы қастықтың, – деп күрсiнген сәттерi де болған. 
Бұл Заманбектiң қызметiнен алынып, торығып жүрген сәтiндегi көңiл толғанысы. Жалпы, талантты адам барлық жағынан талантты болады ғой. 
Баһадүрсiң, батырсың,
Қалдың елдiң есiнде.
Дамыл тауып жатырсың,
Алатаудың төсiнде.
Жатқан жерiң жарық болсын! Алланың рахматы, пайғамбарымыздың шапағаты тисiн. Пейiште нұрың шалқысын.

Ғазизбек ТӘШIМБАЙ

"Жас Алаш" газеті