13 жел, 2021 сағат 18:26

Банктердің азаматтардың тұрғын үйін өндіріп алуды қолдануына шектеу енгізіледі


Банктердің азаматтардың тұрғын үйін өндіріп алуды қолдануына шектеу енгізіледі. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Мемлекет басшысының 2021 жылғы 22 қыркүйекте Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмасы бойынша ипотекалық қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін Үкімет Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе отырып, атқарушылық іс жүргізу, жеке сот орындаушысының жұмысы, екінші деңгейдегі банктердің бағалау қызметі мен кепілдік саясатын реттеу аясында қатынастарды жетілдіру жөніндегі заңнамалық түзетулер топтамасын әзірледі. Түзетулер Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілді», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Премьер-Министрдің жауабына сәйкес, атқарушылық іс жүргізу рәсімдері аясында кепілге салынған мүлікке өндіріп алу қолданылған кезде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында заң жобасында мыналар көзделеді: 

- кредиторлар тарапынан жосықсыз әрекеттер мен қызметтерін асыра пайдалануларына жол бермеу үшін кредитордың, оның жұмыскерлерінің және үлестес тұлғалардың жылжымайтын мүлікті өткізу бойынша сауда-саттыққа қатысуына тыйым салу және онда екіден кем қатысушы болған жағдайда сауда-саттық өтпеді деп тану;

- азаматтардың тұрғын үйіне өндіріп алуды қолдануды шектеу үшін жеке тұлғаның тұрғын үймен қамтамасыз етілген ипотекалық қарыздары бойынша орындалмаған міндеттеме сомасының және кепілге салынған мүлік құнына мерзімді өткізіп алу кезеңінің елеусіздігі мен мөлшерлес болмауының жоғары шегін енгізу (орындалмаған міндеттеме сомасы 10 пайыздан 15 пайызға дейін және мерзімді өткізіп алу кезеңі 3 айдан 6 айға дейін); 

- борыш жүктемесін азайту үшін борышкердің кепілге салынған мүлікті соттан тыс, сол сияқты сот арқылы өткізу кезінде 3 ай мерзімде өз бетінше өткізу міндеттілігі белгілеу;

- тұрғын үйді төмендетілген құнмен өткізуге жол бермеу және ипотекалық қарыздар бойынша орындалмаған міндеттемелерді өтеу үшін кепілге салынған мүлікті өткізуден алынған ақшаның жеткіліктілігін қамтамасыз етуде кепіл мүлікті сауда-саттықта сату бағасының төменгі шегін бастапқы құнының 50-ден 75 пайызына дейін арттыру. 

«Сонымен бірге заң жобасында кепіл сатылғаннан кейін бланкілік берешекті есептен шығару негіздері кеңейтілді. Түзетулерді ескере отырып, ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша кепілге салынған жылжымайтын мүлік сот тәртібімен сатылған жағдайда, борышкер-жеке тұлғада өндіріп алуды қолданылуы мүмкін өзге мүлік немесе ең төменгі жалақының 2 еселенген мөлшерінен асатын табысы болмаған кезде қалған берешек есептен шығарылатын болады»,- деп атап өтеді Асқар Мамин.