Сенатта өткен Парламенттік тыңдауда Сенат Төрағасы қарапайым халыққа банктер туралы қарапайым тілдегі ақпараттың жетімсіздігі туралы да сын айтты.
«Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмысын жетілдіру – аңызды мәселе. Себебі жалпыға бірдей түсінікті, қарапайым тілдегі қаржы саласындағы ақпараттың жетіспеушілігі азаматтар тарапынан тиімсіз шешім қабылдауға әкеп соқтыруда.
Сондай-ақ қаржылық қызметтер түрінің көбеюі, олардың күн санап күрделенуі, алаяқтық тәсілдердің, қаржы пирамидаларының өріс алуы қаржы жүйесіне деген сенімді төмендетіп отыр.
Ұлттық Банк жоғарыда аталған мәселелерге кеңінен көңіл бөліп, қордаланған мәселелердің оңтайлы шешімін табу үшін екінші деңгейдегі банктермен кешенді жұмыстар жүргізуі қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Парламенттік тыңдау барысында сенатор Мұхтар Жұмағазиев Ұлттық банк басшылығына сұрақ қойды:
«Күнделікті байқалып жүргендей, Банктердің жәй-күйі туралы тұтынушыларға түсінікті тілде жеткілікті хабарлама жеткізілмейді деуге болады. Қазіргі уақытта Ұлттық банк сайтында беріліп жүрген ақпаратты тек мамандардың өзі ғана түсіне алады.
Әр банк өзін рынокта алдыңғы қатардамыз деп жарнамалайды. Мәселен, Астана Банкін алып қараңыз. Егер оның қызметін пайдаланушы бұл банктің ауыр халінен хабардар болған болса, қазіргідей тұйыққа тірелмеу үшін басқа банкты таңдаған болар еді.
Осыған байланысты, Астана Банкі қазір бастан кешіп отырған ауыртпалықтар қанша уақытқа созылады?
Тағы бір мәселе: Қаржы министрлігі өзінің ресми сайтына «азаматтық бюджет» деп аталатын бюджет туралы баршаға жеңіл түсінілетін ақпарат орналастырған. Сол сияқты Ұлттық банк те осындай тәжірибені пайдаланып, жалпы жұртқа түсінікті етіп, екінші деңгейдегі банктердің хал-жайы туралы өзінің сайтында шынайы ақпарат орналастыруды қарастырып отыр ма?
Әділбек Қаба