Қазақстан автобизнес қауымдастығының баспасөз хатшысы Станислав О Юн Бем банктер 4 пайыздық автонесиенің сақтандыру полисін бірден төлеуді талап ете алмайтынын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Telegram-арналар 4 пайыздық автонесие рәсімдеушілерден VIN-код талап етілмейтін болғанын және несиені сақтандыру полисінің құнын 0,95 пайызға түсіру туралы шешім қабылданғанын жазып жатыр.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» мен «Қазақстан автобизнес қауымдастығы» бұл мәліметтерді ішінара растады.
Нақтырақ айтсақ, 4 пайыздық автонесие рәсімдеушілерден VIN-код талап етілмейді.
«Несие рәсімдеу үшін VIN-код ұсыну талабын ұзынсонар кезек болмау үшін алып тастадық. Банк үшін ең маңыздысы – төлем шотын әкелген тұтынушының төлем қабілеті. Ал сақтандыру бойынша банктерге хат жолдап, КАСКО сақтандыру төлемін 7 жылға автонесие мерзіміне бірден төлеуді талап етпеу туралы нұсқау бердік. Яғни, сақтандыру төлемін жылма-жыл төлеп отыруға болады. Тек борышкер автонесиенің тұтас мерзіміне сақтандыру полисін бірден төлеп тастағысы келсе ғана мұндай операцияға жол беріледі. Яғни, жылма-жыл төлеп отыра ма, әлде бірден бірнеше жылға төлеп тастай ма, оны несие алушының өзі шешеді. Банк тек алғашқы жылдың сақтандыру құнын ғана сұрай алады», - деп түсіндірді «Өнеркәсіпті дамыту қорының мамандары.
Қазақстан автобизнес қауымдастығының баспасөз хатшысы Станислав О Юн Бемнің айтуынша, мұндай мәселе қазір 4 пайыздық автонесие беріп жатқан 2 банктің тұтынушыларға екі түрлі талап қоюынан пайда болған.
«Қазір автонесиені 2 банк беріп бастады. Солардың бірі несиені сақтандыру полисінің құнын жыл сайын төлеуге рұқсат берсе, екіншісі несие алған мерзімге түгел алдын ала төлеуді талап еткен. Мысалы адам 10 млн теңгенің көлігін алмақшы дейік. Бұл бағдарлама бойынша, сақтандыру құны көлік құнының 0,95 пайызына тең. Ал несие мерзімі 7 жылдан аспауы керек. Сонда 7 жылдық сақтандыру полисінің құны 700 мың теңгеге жуықтайды. Ондай ақшаны несиеге көлік алғалы жүрген адамның бәрі бірден тауып бере алмауы мүмкін. Сондықтан банктер бірден бүкіл мерзімге төлеу талабын қоя алмайтындай шешім қабылданып отыр. Өнеркәсіпті дамыту қоры банктерге осындай ескертпе жолдады», - деп түсіндірді қауымдастық өкілі.
Сондай-ақ, ол 4 пайыздық автонесиенің бұған дейінгі бағдарламасы бойынша сақтандыру полисінің құны қазіргіден жоғары болғанын, 7 жылдағы шығыны 1,5 млн теңгеден асып кеткен жайттар болғанын айтады.
Ал жаңартылған бағдарлама бойынша оның мөлшері көлік құнының 0,95 пайызына тең.