Банктер 4 пайыздық автонесие өтінімін алатын көліктің VIN-коды бойынша ғана қабылдайды. Мұндай мәліметті «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының өкілдері арнайы брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл автонесиенің тағы бір назар аударуға тұрарлық мән-жайы бар. Бағдарлама шарты бойынша диллерлер есепшотты дайын автокөліктерге ғана береді. Яғни, есепшотта автокөліктің VIN-коды мен құны көрсетіледі. Содан кейін банктер осы берілген есепшот бойынша өздерінің тұрақты кепілдерін беріп, іске асыра береді», - деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының басқарма басшысы Ғалымжан Әди.
Қордың басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаровтың айтуынша, бұл әлі өндірілмеген көлікке кезек қалыптаспауы үшін қажет.
«Банктер өтінімдерді есеп айырысу шотында VIN-код көрсетілген жағдайда ғана қабылдайды. Яғни, банктер автосалонда бар көліктерге ғана өтінім қабылдайды деген сөз. Бұл ұзынсонар кезектің ұзақ мерзімге созылып кетпеуі үшін жасалып отыр. Несие алуға үміткер адам автомобильді таңдамай тұрып несие рәсімдей алмайды. Бұл өте маңызды мәселе», - деді ол.