Фото: видеодан кадр
Қазақстан Бас прокуратурасы аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
2019-2022 жылдар аралығында күдікті Тараз қаласындағы банк филиалының қызметкері бола отырып, банк клиенттерінің атынан оларға несие рәсімдеген. Әрі қарай банк клиенттерінің шоттарына қол жеткізген күдікті несие қаражатын достарының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырған. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде банк клиенттеріне 60 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, соған байланысты халықаралық іздеу жарияланған.
Осы жылдың сәуір айында фигурант Краснодар өлкесінің аумағында ұсталды. Содан кейін ол Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, осы жылы қылмыстық әрекеттері 350-ден астам жәбірленушіге жалпы сомасы 7 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 11 адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды.
Бұған дейін ҚМА және ІІМ қылмыстық есірткі табысын заңдастыруға қарсы бірлесіп жұмыс істеп жатқанын жазған едік.