11 қаң, 2023 сағат 12:14

Банкроттыққа қатысты ақпаратты қайдан алуға болады?

Сурет ашық дереккөзден алынды

Өзін банкрот деп жарияламақ болған қазақстандықтар толық ақпаратты қайдан біле алады? Бұл сауалға Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Өткен жылы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойылды. Аталған құжат биыл 1 қаңтарда ресми түрде жарияланып, 3 наурыздан бастап банкроттық туралы өтініштерді қабылдау басталады.

«Қазір ұйымдастыру және техникалық іс-шаралар жүріп жатыр. Алдымен БАҚ және қызмет көрсету орталықтарында ақпараттық сүйемелдеу ұйымдастырылуда. Банкроттыққа қатысты тиісті ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Министрлік пен оған бағынысты ведомстволардың сайттарында түсіндіру ақпараты орналастырылып, азаматтарға SMS таратылып жатыр. Сондай-ақ, азаматтар қызмет көрсету орталықтары арқылы кеңес алуына болады. Оларға банкроттық заңның негізгі ережелері түсіндіріліп, жадынама таратылады», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында.

Одан бөлек, министрдің айтуынша, қазір «Азаматтарға арналған үкімет» байланыс орталықтары және мемлекеттік кірістер комитеті арқылы түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жыл басталғалы 4 және 5 қаңтарда 570 адам банкроттыққа қатысты кеңес алған.

«Әкімдіктер де мемлекеттік органдардың өңірлік бөлімшелері, банктер, халыққа қызмет көрсету орталықтары және халықты жұмыспен қамту орталықтары басшыларының қатысуымен азаматтардың банкроттық рәсімдерін ұйымдастыру бойынша кеңестер өтуде. Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері оқып жатыр. Күн сайын «Азаматтарға арналған үкімет» және мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлерімен бірге онлайн-конференциялар өткізіледі, онда заң нормалары түсіндірілуде, сондай-ақ азаматтардан келіп түсетін проблемалық мәселелер талқылануда», - дейді ол.