13 шіл, 2021 сағат 17:15

Банкноттар қандай жағдайда қолданыстан алынады?


Дүкенде номиналы 1000 теңге болатын «Күлтегін» естелік банкнотын қабылдамаған жағдайда Ұлттық банктің аумақтық филиалына өтініш жазу керек. Бұл туралы банктің қолма-қол ақша айналысы департаментінің басшысы Динара Даутова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Ұлттық банкке тұрғындар хабарласып жатыр. Олар дүкендер 1000 теңгені қабылдамай жатқанын айтқан. 

«Бұл купюралардың заңды төлем құралы болып табылатынын естеріңізге сала кеткім келеді. Оларды басқа да естелік банкноттар секілді банк операциялары мен аударымдар кезінде және төлемнің кез келген түрі бойынша қабылдауға міндетті. Мұндай банкноттарды қабылдаудан бас тартқан жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 206-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - деді Динара Даутова.

Сонымен қатар, ол мұндай ақшаны қабылдамаған жағдайда не істеу керек екенін түсіндірді.

«Егер сізден бұл банкноттарды қабылдамаса, Ұлттық банктің аумақтық филиалына өтініш білдіруіңіз қажет. Банкнотты қабылдаудан бас тарту фактісін бейнежазбаға түсіруді немесе жазбаша негіздеме талап етуді ұсынамыз»,-деді Ұлттық банк өкілі. 

Динара Даутова айналымда «Күлтегін» банкнотынан басқа атаулы күндер мен оқиғаларға арналған естелік банкноттар барын атап өтті. 

Олар да заңды төлем құралы.

«Оларды екінші деңгейлі банктар мен «Қазпошта» АҚ-тың барлық бөлімшесінде, Ұлттық банктің филиалдарында ауыстыруға және айырбастауға болады. Аталған банкноттар тозған кезде айналымнан алынады», - деді Динара Даутова.

Естелік банкноттардың толық тізімі, сондай-ақ Ұлттық Банк филиалдарының мекенжайы мен байланыс деректері туралы ақпарат ҚҰБ сайтында орналасқан.