29 қар, 2020 сағат 14:56

Банк қандай жағдайда сіздің картаңызды бұғаттай алады?

Банк тауарларға төлем жасау, сондай-ақ ақшаны шешіп алу бойынша жеке тұлғаның карточкасы арқылы жүргізілетін операцияларға қандай жағдайда және қандай негіздеме бойынша толық немесе ішінара тыйым салуы мүмкін? Бұл жайында Fingramota.kz түсіндіріп берді. 

Жеке тұлғаның төлем карточкасын немесе банк шотын бұғаттау

Төлем карточкасын бұғаттау дегеніміз - төлем карточкасын қолданумен, оның ішінде тауарлар үшін ақы төлеу мен ақшаны шешіп алу операцияларына толық немесе ішінара тыйым салу. Қазақстан заңнамасының шеңберінде «бұғаттау» ұғымы төлем карточкаларына қатысты ғана қолданылады.

Ұлттық банк басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы №205 қаулысымен бекітілген Төлем карточкаларын шығару қағидасына, сондай-ақ Қазақстан аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды бекіту туралы қағидалардың 80-тармағына сәйкес эмитент төлем карточкасын мынадай жағдайда бұғаттай алады

1) төлем карточкасын ұстаушыдан карточканың жоғалғаны, ұрланғаны немесе рұқсатсыз пайдаланылғаны туралы хабарлама алғанда;

2) төлем карточкасын ұстаушы карточканы беру туралы шартты орындамағанда;

3) төлем карточкасын пайдаланудың эмитент пен төлем карточкасын ұстаушы арасындағы шартта көзделген ішкі құжаттарын сақтамаған жағдайда.

Бұл ретте төлем карточкасын бұғаттау талаптары оны шығару туралы шартта келісіледі. 

Заңнамада «карточкалық шот» деген бөлек ұғым жоқ және төлем карточкасы - оны ұстаушының әдеттегі банктік шотына қолжетімділік құралы. Бұл ретте банк шоты клиентке ол банкке өтініш жасаған кезде ашылады. 

Сондай-ақ, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңының 27-бабына сәйкес клиенттің банктік шотына шығыс операцияларын тоқтата тұру, мүлкін иеленуді уақытша шектеу түрінде шектеулер салынуы, сондай-ақ банктік шотындағы ақшаға тыйым салынуы мүмкін.

Шығыс операцияларын жүргізуге шектеу уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың тиісті шешімдерінің (салық төлемеген, тергеу жұмыстары жүргізілген кезде, алаяқтық операцияларға күдік болған кезде) не Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитетінің терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген ұйымдар мен жеке тұлғалар туралы ақпаратының негізінде салынады. 

Тыйым салуды сот сот актілерінің және сот орындаушылары сот орындаушыларының прокурор санкциялаған қаулыларының негізінде, Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында және Атқарушылық іс жүргізу туралы заңда көзделген тәртіппен салады.

Ал егер еңбекақы алатын карта болса?

Еңбекақы алатын төлем карточкасы ешқандай жеңілдік бермейді. Оның кәдімгі төлем карточкасынан еш айырмашылығы жоқ. 

Сондықтан еңбекақы алатын төлем карточкасын бұғаттау ондай картаны шығару туралы шартта белгіленген бұғаттау талаптарына сәйкес барлық карталарға арналған ортақ негіздерде жүзеге асырылуы мүмкін.

Банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру немесе шоттағы ақшаға тыйым салу заңнамада белгіленген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады. 

Яғни, уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың клиенттің банктік шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы тиісті өкімдері немесе тыйым салу актілері болған жағдайда, карточка бұғатталады. 

Банк санкция туралы хабарлауға міндетті ме?

Төлем карточкасын шығару туралы шартта банктің клиентке тиісті хабарламаларды жіберу тәртібі, тәсілдері, жағдайлары толық жазылуға тиіс. Банк пен клиенттің мұндай қарым-қатынасы шарттық қатынастармен реттеледі. Шартты мұқият оқыңыз! 

Банк қандай да бір транзакцияны бұғаттауға құқылы ма?

Ия, мүмкін. Мысалы, төлем карточкасы бойынша күмәнді, күдікті операциялардан өту кезінде. Карточкамен санкцияланбаған (алаяқтық) операциялардың алдын алу үшін банктер олардың жекелеген түрлеріне жүйелік шектеулер белгілеуі мүмкін. 

Оларды белгілеу талаптары, сондай-ақ алу тәртібі де төлем карточкасын шығару туралы шартта жазылған. 

«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңның нормаларында банктер осындай фактілердің алдын алу және жолын кесу мақсатында операцияны күдікті деп таныған кезде оны өткізгенге дейін дереу ҚР Қаржымині ҚМК-ға хабарлауға міндетті екендігі белгіленген. 

Бұл ретте егер банктің клиенті - ұйым немесе жеке тұлға терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне кіретін болса, банктер олардың банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын дереу тоқтата тұруға міндетті. 

Егер карта немесе шот бұғатталса не істеу қажет?

Егер осындай жағдай орын алса, банктің қолдау қызметіне жүгіну қажет. Клиенттің банктік шотындағы ақшаны жұмсау уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың тиісті актілері/шешімдері/өкімдері негізінде шектелген жағдайда, түсінік алу үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға жүгінген дұрыс. 

Төлем карточкасы бұғатталған жағдайда, соған байланыстырылған банктік шот бойынша операция эмитент банктің бөлімшесінде касса арқылы жүргізіле алады. Бұл ретте жеке басын куәландыратын құжатты көрсету қажет.

Карточканы өз бетіңше бұғаттан шығаруға бола ма?

Егер төлем карточкасын клиенттің өзі бұғаттаған жағдайда ғана оны банктің интернет-ресурсында жеке кабинетте бұғаттан шығаруға болады.

Төлем карточкасы бұғатталған не банк шоты бойынша шығыс операциялары тоқтатылған кез келген жағдайда карта иелері банкке сұрату жібере алады және банк түсініктеме беруі тиіс. 

Егер банк әрекетінің заңды екендігіне күмәндансаңыз, өз құқықтарыңызды қорғау үшін сот органдарына да, сол сияқты қаржы реттеушісіне де жүгіне аласыз.