Өткен жылдың қараша айында жоғалып кеткен Балқаш қаласының тұрғыны көл жағасынан өлі табылды. Марқұмның денесінде зорлық белгілері жоқ, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жуырда Балқаш қалалық ішкі істер бөліміне көл жағасынан ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Марқұмды жақын маңдағылар тауып алған. Мән-жайды анықтаған соң, марқұмның өткен жылдың 24 қарашасында жоғалып кеткен 51 жастағы Болат Дюсембаев екені белгілі болды. Ер адамның туыстары оның жоғалып кеткені туралы бұрын полицияға хабарласқан. Олар ер адамның балық аулауға кеткенін және оралмағанын айтқан.
"Жоғалғаны туралы арыз түскеннен кейін жедел-іздестіру шаралары басталды. Көлдің жағасында оның жеке заттары табылды. Алайда көлге мұз қатқандықтан құтқарушылар көлді тексере алмады", - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Ведомствода жағадан табылған ер адамның қараша айында жоғалып кеткен балқаштық екенін растады. Баспасөз қызметі мәйітте зорлық-зомбылық белгілері жоқ екенін атап өтті.