12 мам, 2023 сағат 14:48

Балқашта самокат тепкен 8 жасар баланы көлік қағып кетті – видео


Балқашта джип тізгіндеген жүргізуші жаяу жүргіншілер жолын самокатпен кесіп өтпек болған баланы қағып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қарағанды облысының полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 7 мамыр күні Желтоқсан көшесінде болған. Аталған жағдай көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

"Осы жылдың 7 мамырында сағат 14.56 шамасында Toyota RAV-4 автокөлігінің 63 жастағы жүргізушісі реттелмеген жаяу жүргіншілер жолының жүру бөлігінен өтіп бара жатқан баланы қағып кеткен. Жол апаты салдарынан 8 жасар жаяу жүргінші ауруханаға жеткізілді, - делінген полиция хабарламасында.

Аталған факті бойынша тиісті сараптамалар тағайындалған. Олардың нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады.

Балқаш қаласының орталық ауруханасына жеткізілген зардап шегушіге ота жасалды. Бала бас-ми жарақатын алған және құрсақ қуысы мүшелері зақымданған. Жағдайы бірқалыпты.