© Sputnik / Абзал Калиев
«Балқаш Жылу» ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жалпы сомасы 677 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаменті тіркеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Анықталғандай, «Балқаш Жылу» ЖШС-нің бұрынғы басшылығы 2020 жылдың маусымынан 2023 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта Балқаш ЖЭО және Балқаш қаласының жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге және ұстауға арналған 677 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жеке шоттары мен жалған кәсіпорындардың шоттарына жіберу арқылы жымқырған.
"Аталған тұлғалар ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Тергеу судьясы екі ай мерзімге «қамау» шарасын санкциялады.
Тергеу жалғасып. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды" - делінген агенттік хабарламасында.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.