© Sputnik / Абзал Калиев
Антикор Алматы және Балқаш қалаларын жылумен жабдықтау саласындағы жемқорлықты анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алматы жылу желілері» ЖШС және «Балқаш жылу» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істерді тергеп жатыр.
«АлТС» ЖШС бас директоры мен басқа да қызметкерлері 16 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді (ҚР ҚК 366-бабы).
Ал «Балқаш жылу» ЖШС директорының бұрынғы орынбасары және бас бухгалтері өздерінің карточкалық шоттарына артық жалақы есептеу жолымен 272 миллион теңгеден астам ұрлық жасады деп күдіктеліп отыр (ҚР ҚК 189-бабы). Бұл ретте серіктестіктің жеткізушілер алдында 1,5 миллиард теңгеден астам сомаға қарызы болған" - делінген хабарламада.
Екі дерек бойынша да күдіктілердің кінәсін толық мойындауына байланысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылмаған.
Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.