07 қаз, 2019 сағат 13:41

«Балдәурендегі» жас тарихшылар мен географтардың кездесуі

«Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында 2019 жылдың 13 ауысымы «Атаның сөзі-ақылдың көзі» жас тарихшылар мен географтардың Республикалық кездесуінің ашылу салтанаты өтті.

Иә, аталар сөзі — кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы екені белгілі.  Десек те, бүгінгі салтанатты ашылу рәсімінде қойылған сахналық қойылым  мың жылда бір-ақ көрінетін кометалардай сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дана тұлғаларымыздың көріністерімен ерекшеленді.

Көрерменнің жан-дүниесін тебірентіп, рухани байлыққа кенелткен айтулы іс-шара қатысушыларымыздың бойына Отанға, Туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып,  тамыры терең тарихымызға  қайта  үңілдіргендей.

Ауысымның ашылу салтанатында «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының Бас директорының міндетін атқарушы Қуат Қайырұлы Нұрмұханов сөз сөйлеп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған балаларды ауысымның ашылуымен құттықтап, оларға  дарынды да тапқыр, білімді де білгір болуларына, тарихымызды жалғайтын «Мәңгілік елдің» мызғымас ұландары болуға тілек білдірді.

Айта кетсек, «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығы Нлбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Артек»  Халықаралық балалар орталығы негізінде құрылған.

«Балдәурен» республикалық ғылыми-әдістемелік, сауығу және оқу-педагогикалық ұйымдастыру орталығы – балалардың халықаралық және республикалық мәдени көпшілік, ғылыми–практикалық іс-шараларын өткізетін республикалық орталық. «Балдәурен» РОСО еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі Бурабай курорты аймағында Щучье көлінің жағасында орналасқан.