Алматыда баланы жұлқылап жатқаны видеоға түсіп қалған тәрбиеші өз еркімен жұмыстан кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл видео әлеуметтік желіде таралып кеткен болатын. Оқиға Әуезов ауданындағы №58-балабақшада болған.
Қалалық білім басқармасы бұл оқиғадан соң балабақша меңгерушісіне қатаң сөгіс жарияланғанын хабарлады.
«Кеше бұл жайт бойынша ата-ана хабарласты. Қалалық білім басқармасы бірден комиссия құрып, білім беру орнына жіберді. Видеокамерадағы барлық дерек тексерілді. Белгілі болғандай, тәрбиеші баланы басынан ұрмаған. Қарама-қарсы отырған балалар тамақты бір біріне лақтырған. Тәрбиеші бір баланың маңдайындағы ботқаны алған кезде ұрған сияқты көрінген. Екінші баланы жуынатын бөлмеге сүйрелегенде ол бармаймын деген. Жұлқылағаны анық. Оны еш жоққа шығара алмаймыз», - деді қалалық білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Әлия Сағиева.
Оның айтуынша, балабақша меңгерушісі тәрбиешіге сөгіс жариялады. Тәрбиеші болған оқиғадан соң өз еркімен арыз жазып, жұмысынан кетті.
«Меңгерушіге де бақылауда осалдық танытқаны үшін басқарма тарапынан ескерту беріледі», - деді Ә. Сағиева.