25 шіл, 2022 сағат 18:15

Балалы әйел әкімдік ғимаратында кір киімдерін жуды - видео


Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылы әкімдігінің ғимаратына барып, кір киімдерін жуған әйелдің видеосы желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Желіде тараған видеодан кішкентай бүлдіршіндерін ерткен әйелдің әкімдікке дорба-дорба кір киімдерін арқалап әкеліп, ғимараттың бір бұрышында жуып отырғанын көруге болады.

Әйел осы іс-әрекеті арқылы Талғар ауданындағы су тапшылығы проблемасына назар аудартуды көздеген. Ол тек кір жуып қана қоймай, смартфонына не болып жатқанын түсіріп отыр.

Талғар ауданындағы тағы бір ауыл –  Белбұлақ тұрғындары да бес күн бойы сусыз отырғандарын айтып шағымданды. 

"Бүгін 25 шілде, сағат күндізгі 12, Горький көшесі. Су әлі жоқ. Күндіз де, түнде де жоқ. Жуылмаған ыдыс үйіліп тұр. Бұрын тым болмағанда түнде ағатын, бөтелкелерге толтырып алатынбыз. Қазір мүлдем тоқтап қалды. Әкімдікке сұрағым бар: менің үш балам бар, кішкентайым 1,5 жаста, мен мына ыстық күнде оларды қашанғы шомылдырмай отырамын? Қашанғы олардың бет-аузын дымқыл шүберекпен сүртемін?" - дейді Белбұлақ ауылының тұрғыны.