08 мау, 2020 сағат 17:50

Балаларым да, немерелерім де барлық вакцинаны салдырған – бас санитар дәрігер

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова балаларға екпе салдыру туралы өз отбасының тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат,.

«Менің екі балам бар. Олар кеңестік кезде белгіленген күнтізбе бойынша барлық екпені алған. Ол кезде вакцинадан бас тарту жөнінде тіпті ойламайтынбыз. Сол екпелер үшін алғыс айтамын. Себебі түрлі жұқпалы аурулар шыққанда менің балаларым ауырған жоқ. Қазір екі немерем бар. Үлкені – екі жаста, кішісі – бір жаста. Нағыз міндетті 11 екпені алатын жаста және барлық вакцинаны алып келе жатыр. Мұнда мені керемет вакциналар салғызды деп ойламаңыздар. Екеуі де тұрғылықты мекенжайы бойынша, Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында барлық балалар алып жатқан екпелерді салғызды», - деді бас санитарлық дәрігер Facebook-те өткен онлайн-брифингте. 

Спикердің айтуынша, вакцина – балаларды эпидемиядан, жұқпалы балалар ауруынан қорғаудың жалғыз амалы. 

«Біз ұмытып кеткен аурулар көп және олар қайтып келместей көрінеді. Бірақ, ұжымдық иммунитетіміз 90 пайыздан түсіп кетсе, бірден дифтерия, сіреспе ауруларына қайта ораламыз. Оның салдары ауыр болып, тіпті балалар көз жұмуы да мүмкін. Ал балаларды қорғау мүмкіндігін мемлекет тегін беріп отырғанда, оны пайдалану керек», - деді А. Есмағамбетова.