02 нау, 2022 сағат 13:26

Балаларға қосымша білім берудің бірыңғай веб-порталын әзірлеу қажет - Ералы Тожанов


Балаларға қосымша білім берудің бірыңғай веб-порталын әзірлеу қажет. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Білім және ғылым министрлігімен бірге балаларға қосымша білім берудің бірыңғай веб-порталын әзірлеу мәселесін де пысықтау қажет деп ойлаймын. Бірыңғай веб-портал секциялар мен үйірмелерге баратын балалардың статистикасын жүргізуге, мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын қадағалауға және ата-аналар үшін тиісті секцияларға өтінім беруге өте ыңғайлы деп ойлаймын. Бұл жерде де мәселе аз емес. Бұған кей жерлерде азаматтардың қарсы шығып жатқанын да білемін. Неге десеңіздер, ол өте ыңғайлы. Ешкім балалар қай жерде шұғылданып жатқанына, бапкердің біліктілігі келе ме, келмей ме жауап бермейді. Бір сөзден айтқанда, ол жердегі азаматтардың нақты жауапкершілігін белгілеу керек. Берілген қаржының нақты, нәтижелі ұйымдастырылуының өзі тікелей алдымызда тұрған міндет», - деді вице-премьер Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында.

Осы ретте Ералы Тоғжанов Мәдениет және спорт министрлігіне мемлекеттік спорттық тапсырысты Білім және ғылым министрлігінің қосымша білім беру жүйесімен ықпалдастыруды тапсырды.

«Оңай жұмыс емес. Бірақ, осыны ұйымдастыруымыз керек. Әрбір бала қайда баратынын білуі керек. Бала үйірмеге бүгін барғанымен бір айдан кейін айнып, басқа жерге барамын деуі мүмкін. Жарты жылдан кейін ойы тағы өзгеруі мүмкін. Негізгі мақсат бөлінетін ақшаның баланың соңына жүруі тиіс. Оның есебі болуы қажет», - деді Үкімет басшысының орынбасары.