Фото: Қарағанды облысының әкімдігі
Қарағанды облысының балаларына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының міндетін атқарушы және 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір мекемеге басқа ұйымдардың мамандары жіберілген. Орталық тәрбиеленушілерінің ауруханаға түсіп, бір баланың қайтыс болуының себептері анықталып жатыр.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қайтыс болған баланың ата-анасына көңіл айтты.
"Баланың көз жұмуына әкеп соққан қайғылы оқиғаға қабырғамыз қайысып отыр. Қазір барлық күш-жігеріміз ауруханада жатқан балалардың денсаулығын мүмкіндігінше тез қалпына келтіруге бағытталған. Дәрігерлер бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Мен бұл төтенше жағдайдың із-түзсіз өтпейтініне сендіргім келеді. Кінәлілер заңның барлық қатаңдығымен жазаланады. Тергеу органдары барлық қажетті шараларды жүргізеді. Ал отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі", – деді Бөлекпаев.
Қайтыс болған Әділ Омаров 13 жаста еді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, баланың өліміне жүрек және тыныс алу жеткіліксіздігі себеп болған.
Көмек көрсету және болған оқиғаның себептерін анықтау үшін Қарағандыға Астанадан жетекші мамандар тобы да келген.
"Балалар температураның жоғарылауына, құсуға және іштің ауырсынуына шағымданғандықтан, "тамақтан улану" диагнозы қойылды. Бірақ алдын ала сынақтар ішек инфекциясы жоқ деген нәтиже берді. Жұқпалы этиологияны, яғни аурудың себебін біз әлі тапқан жоқпыз. Бүгінгі таңда алты бала реанимация бөлімінде, олардың екеуінің жағдайы өте ауыр. Қалғандарында емделу аясында жақсару байқалады, олардың жағдайы қанағаттанарлық", – деп түсіндірді Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, нақты диагноз жоқ, барлық зертханалық зерттеулер әлі де жүргізіліп жатыр.
Министр Елордадан 10 жетекші маман келгенін атап өтті. Олардың қатарында штаттан тыс бас балалар инфекционисті Динагүл Баешева, штаттан тыс бас балалар анестезиолог-реаниматологы Нұрила Малтабарова, үш дәрігер-токсиколог және т.б. қызметкерлер бар. Олар қарағандылық мамандармен, соның ішінде психиатрлар және балалар невропатологтарымен бірге жұмыс істеп жатыр. 20-ға жуық маман консилиум өткізеді, балаларды тексереді және емдеуді түзетеді.